Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Лицензиялық турнирде "классиктердің" қайсысынан үміт күтеміз

Қырғызстан астанасы Бішкекте Азия құрлығының балуандары үшін лицензиялық турнир өтеді. 19-21 сәуір аралығынды өтетін дүрмекте грек-рим күрес шеберлерінің жолдамаға ие болу мүмкіндігі туралы Stan.kz ақпарат агенттігі сараптама жасап көруді ұйғарды. 

Күрес түрлерінен Азия елдерінің балуандары үшін Париж олимпиадасының жолдамасын сарапқа салатын турнирге де аз қалды. Жалпы әр салмақта ойнатылатын 16 лицензияның он бірінің иелері белгілі. Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасында екі-ақ жолдама бар. Грек-рим күресінен 87 келідегі Нұрсұлтан Тұрсынов иеленсе, еркін күрестен Азамат Дәулетбеков (86кг) Париж олимпиадасына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Жалпы күрес түрлерінен ең көп лицензияны америкалықтар (13) иеленсе, грек-рим күресінен Алжир құрамасы ең көп (5) жолдама жеңіп алған.

Фото: Ұлттық олимпиада комитеті

“Классиктер” бұл турнирде кемі үш лицензияға қол жеткізеді деп топшылаймыз. Жолдама жеңіп алу мүмкіндігі ең көп балуан–Айдос Сұлтанғали. 60 келіде белдесетін балуанымыздың басты қарсыластарының бәрі Сербияда өткен лицензиялық әлем чемпионатында үздіктер қатарынан көрініп, Париж олимпиадасының жолдамасын иелеген. 5 жолдаманың бесеуін де қырғыз, жапон, қытай, өзбек және иран балуандары иеленді. Әрине, лицензиялық турнирде өнер көрсететін ешбір балуанды осал деуге келмес. Дегенмен екі дүркін әлем чемпионатының қола жүлдегері Айдос Сұлтанғали үшін басты қарсылас ретінде Оңтүстік Корея елінің балуаны болуы әбден мүмкін. Шыны керек, басқа Айдосқа шақ келер қарсылас көріп тұрғанымыз жоқ. Одан бөлек, 1,5 жылдық үзілістен кейін бозкілемге қайта оралған Сұлтанғали ел біріншілігінде қарсыластарын қоғадай жапырып, қарқыны қатты екенін көрсетті. Сондай-ақ ол алғаш рет лицензиялық турнирде өнер көрсету мүмкіндігіне ие болып отыр. Әлбетте, бұл мүмкіндікті қалт жібермесі анық. Токио олимпиадасы қарсаңында елімізде өткен лицензиялық әлем чемпионатында 60 келіде Мейрамбек Айнағұлов қола жүлдемен қатар, лицензияны да иеленген еді. Егер дәл осы турнирде Айдос жолдама жеңіп ала алмаса, бапкерлер соңғы Түркиядағы лицензиялық турнирге Айнағұловты апаратыны анық. Дегенмен Айдостың лицензия жеңіп алатынына кәміл сенеміз. 28 жасқа келген балуанның қазір техникасы да, күресу мәнері де, физикалық күш-қуаты да толыққан.

Фото: Ұлттық олимпиада комитеті

67 келі салмақ дәрежесінде лицензиялық турнирде биылғы ел чемпионы Мейіржан Шермаханбет өнер көрсетеді. Жалпы Мейіржан Токио олимпиадасы қарсаңында екі рет лицензиялық турнирде сынға түсіп, жеңіліске ұшыраған еді. Әуелі елордамызда өткен лицензиялық әлем чемпионатында сүрінсе, екінші рет Алматыда өткен лицензиялық Азия чемпионатында ұтылып қалған. Содан кейін ауыр жарақат алып, екі жылдық үзілістен кейін кілемге қайта оралған Мейіржан Шермаханбет Азия ойындарында тамаша өнер көрсеткен еді. Бір көзі 15% ғана көретін Мейіржан 67 келіде небір мықтылардың мысын басып, тек ақтық айқасқа ұтылды. Мейіржан енді сол олқылықтардың орнын Бішкектегі лицензиялық турнирде толтыруға тырысады.

Дегенмен Шермаханбет үшін Париж жолдамасына қол жеткізу оңай болмайтыны анық. Өйткені бұл салмақта Азия елдерінен тек ирандық Мохаммад Гераи де ғана жолдама бар. Мейіржан үшін басты қарсыластар ретінде қырғыз, өзбек, жапон және кореялық балуандарды қарастыруға болады. Қырғызстандық Амантур Исмаилов өз жерінде жолдама жеңіп алу үшін аянып қалмайтыны айқын. Лицензиялық әлем чемпионатында жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрінген спортшы Мейіржанға әжептеуір тегеуірін көрсетуі мүмкін. 2023 жылғы Азия чемпионы, өзбекстандық Аброр Атабаев та – жолдамаға үміткерлердің бірі. Ол сол Азия біріншілігінде даңқты балуанымыз Алмат Кебіспаевты ұтып кеткен еді. Жапония құрамасының намысын Сербиядағы лицензиялық әлем чемпионатына қатысқан Киотаро Согабе немесе Катсуаки Ендо қорғауы мүмкін. Қай-қайсысы болса да, мықты балуандар. Согабе 2023 жылғы Азия чемпионатының финалында жоғарыда атаған өзбек балуанына есе жіберсе, Ендоның 2023 жылғы Азия ойындарының финалда Мейіржанды жеңгені жанкүйерлердің жадында. Оңтүстік Корея елінің балуандары да қалпақпен ұрып алатын қарсыластар қатарында емес. Сондықтан қай балуан қатысса да, қауіпті қарсылас екені айқын. Дегенмен Мейіржанның оңтүстік кореялық даңқты балуан Рю Хан Суды бірнеше рет айқын басымдықпен ұтқанын білеміз. Бұл жолы да олардың кілтін табады деп тұжырымдаймыз. 

Фото: Ұлттық олимпиада комитеті

77 келіде лицензиялық турнирде бағын сынайтын Демеу Жадыраев 2023 жылғы лицензиялық әлем чемпионатында жақсы өнер көрсетті. Өкініштісі, алдымен қола жүлде үшін белдесуде армениялық Малхос Амоянға, сосын жолдама үшін белдесуде өзбек Арам Варданянға 1 ғана ұпай айырмашылығымен жеңіліп қалды. Жалпы Жадыраев жақсы бабында екенін ел біріншілігінде де байқадық. Әуелі 77 келінің үздігі Мақсат Ережеповтің, сосын Тамерлан Шадукаевтың осал тұсын тапты. Демеудің салмағында лицензиялық әлем біріншілігінде 3 жолдаманы азияттық балуандар жеңіп алды. Қырғызстандық Ақжол Махмұдов, жапониялық Нао Кусака және өзбек Арам Варданянның қоржынында жолдама бар. Бұл лицензиялық турнирде Жадыраевтың басты қарсыласы ретінде әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері, ирандық Мохаммад Али Гераиді атауға болады. Одан бөлек, Оңтүстік Корея елінің балуандары да жанкешті келетіні жасырын емес. Шыны керек, басқа Демеуге тең келер қарсылас көріп тұрғанымыз жоқ.  

Өкінішке қарай, ауыр (97кг) және аса ауыр (130кг) салмақтағы балуандарымыздың жағдайы расында ауыр. Өйткені ішкі бірінішілікте бәсекелестік жоқтың қасы. 97 келідегі Олжас Сырлыбай лицензиялық әлем бірінішілігінің алғашқы айналымында-ақ италиялық балуанға ұтылып қалса, 130 келіде мүлдем қатысқан жоқ. Дегенмен Әлімхан Сыздықов айды аспанға шығарып, Қазақстан құрамасының қоржынына кезекті жолдаманы салады деген үміттеміз.

Талқылау